Шымкент қаласында Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесулер түрлі еңбек ұжымдарында жалғасуда. Осы ретте «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» қалалық коалиция мүшелері Қазақстан темір жолы Шымкент қалалық филиалында болып, теміржол саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Басқосудың негізгі мақсаты – ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұнын түсіндіріп, алдағы референдумның маңызын кеңінен жеткізу болды.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық коалиция жетекшісі Мұрат Жолдыхожаев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Ержаппарұлы және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысты.
Жиын барысында коалиция мүшелері Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, заң үстемдігін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Мұрат Жолдыхожаев өз сөзінде Конституциялық реформалардың қоғам өміріндегі маңызына ерекше тоқталды.
«Конституция – мемлекеттің даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер ел басқару жүйесін жетілдіріп, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір азамат референдумның мәнін түсініп, саналы түрде өз таңдауын жасауы маңызды», – деді ол.
Ал Бауыржан Әлтеев еңбек ұжымдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, теміржолшылардың жауапкершілігін ерекше атап өтті.
«Еліміздің экономикасы мен инфрақұрылымының дамуына теміржол саласының қосатын үлесі зор. Сондықтан мұндай маңызды саяси науқандарда еңбек адамдарының белсенділігі мен азаматтық ұстанымы айрықша мәнге ие», – деді ол.
Кездесуде теміржол қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ашық диалог форматында өткен жиында қатысушылар ұсынылған өзгерістерге қатысты жан-жақты ақпарат алып, алдағы референдумға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.
