Жетісай ауданындағы референдум учаскелерінде ерекше әсерлі әрі тағылымы мол көрініс орын алды. Қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауды мақсат еткен бір ауылдың 40 енесі 40 келінімен бірге референдум учаскесіне келіп, бір мезетте өз таңдауларын жасады.
Бұл ұрпақ сабақтастығын, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластық пен түсіністікті көрсеткен тағылымды қадам болды. Ақ жаулықты аналар мен олардың келіндерінің бірге келіп дауыс беруі отбасы берекесі мен бірлігінің, ынтымақтың жарқын көрінісі ретінде көпшіліктің ықыласына бөленді.
Енелер мен келіндер ел болашағына бейжай қарамай, осындай маңызды сәтте бірге келіп таңдау жасау әрбір отбасының қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, елдің ертеңі бүгінгі бірлік пен татулыққа тікелей байланысты. Сондықтан әрбір азамат мемлекет үшін маңызды кезеңдерде белсенділік танытып, өз азаматтық ұстанымын білдіруі қажет.
Бұл ерекше бастама көпшілікке үлгі болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, отбасылық татулықты нығайтудың айқын көрінісіне айналды. Ауыл тұрғындары да ақ жаулықты аналар мен келіндердің бұл қадамын жоғары бағалап, ел бірлігі мен ынтымағының белгісі екенін атап өтті.
Осындай жарасымды көріністер халқымыздың берік бірлігі мен тату тіршілігінің айғағы екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ел болашағына бейжай қарамайтын аналар мен келіндердің бұл қадамы кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

