Жалпыұлттық коалиция өкілдері елордадағы екінші жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңыздылығын түсіндірді. Кездесу барысында қоғам үшін маңызды саяси өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған бастамалар айтылды.
Жиынға Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхаммед Болысбек, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек, қоғам белсенділері Юсуп Келигов пен Нұржан Бияқаев қатысты.
Кездесу барысында спикерлер жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін маңызын атап өтті. Мұхаммед Болысбек өз сөзінде конституциялық өзгерістердің қоғамдағы демократиялық үдерістерді нығайтуға бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституция жобасы – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат. Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мұхаммед Болысбек.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек конституциялық реформалардың жергілікті басқару жүйесін дамытудағы рөліне тоқталды.
«Конституциялық өзгерістер жергілікті өкілді органдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Бұл – ашық әрі тиімді мемлекеттік басқаруға жасалған маңызды қадам», – деді ол.
Қоғам белсенділері Юсуп Келигов пен Нұржан Бияқаев жаңа өзгерістердің қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңызы туралы айтты.
Кездесу барысында ЖЭО-2 қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Спикерлер барлық сауалдарға жауап беріп, ұсыныстар мен пікірлерді тыңдады. Жиын ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар елдің саяси дамуына қатысты маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Айта кетейік, бүгінде екінші жылу электр орталығында 1100-ге жуық адам жұмыс істесе, ал жалпы «Астана-Энергия» АҚ-да 1800-ге жуық адам еңбек етеді.

