Семей аяқкиім фабрикасы – өңірдегі өндірістік дәстүрі қалыптасқан жетекші кәсіпорындардың бірі. Мұнда күн сайын жауапкершілікпен еңбек ететін жұмысшылар өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Кездесу өңірлік коалиция мүшелерінің қатысуымен өтті. Жиын жаңа Конституция мен 15 наурызда өтетін референдум мәселелеріне арналды. Спикерлер ретінде Семей қалалық мәслихатының төрағасы Еркен Сағандықов және «Respublica» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш сөз сөйледі.
Спикерлер еңбек адамдарының экономика мен қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, фабрика ұжымына қолдау білдірді және азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды. Алмас Айтмұқаш өз сөзінде әлеуметтік қорғау және қызметкерлердің құқықтарын сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Ал Еркен Сағандықов өз сөзінде: «Сіздер сияқты еңбек адамдары – экономиканың және қоғамның дамуының тірегі. Әр азаматтың 15 наурыздағы референдумға қатысып, елдің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауы маңызды», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде еңбек жағдайлары, әлеуметтік қорғау және қызметкерлердің құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды. Фабрика қызметкерлері белсенділік танытып, сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді. Кездесу ашық диалог форматында өтті және жаңа Конституция мен референдум тақырыбын түсіндіруде маңызды алаң болды.


