Абай облысында коалиция мүшелері Семей қаласындағы «Arai East Food» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі мазмұны, ұсынылған өзгерістердің мәні және олардың қоғам мен елдің құқықтық жүйесіне ықпалы жан-жақты түсіндірілді.
Спикерлер алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызына ерекше тоқталып, оның Қазақстанның құқықтық дамуына және азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға әсері туралы айтты. Жаңа жобада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, құқықтық жүйені жетілдіру, сондай-ақ қоғамның тұрақты дамуына бағытталған нормалар қарастырылған.
Кездесуге қатысқан өңірлік коалиция мүшелері Қуаныш Сүлейменов, Ұлан Сағадиев және Қайрат Смағұлов конституциялық өзгерістердің мазмұны мен олардың ел дамуына ықпалы туралы өз ойларын ортаға салды. Олар жаңа жобаның азаматтар үшін құқықтық кепілдіктерді арттыруға, әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
«Arai East Food» ЖШС заңгері Аслан Алдабергенов еңбек ұжымының белсенділігін ерекше атап өтті:
«Бүгін өңірлік коалиция мүшелері біздің кәсіпорынға келіп, еңбек ұжымымен ашық кездесу өткізді. Жаңа Конституция жобасы туралы жан-жақты түсіндірме берілді. Көтерілген басты тақырып — жаңа Конституциядағы еңбек қатынастары мәселесі. Әсіресе, еңбек қатынастарына және азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты нормалар қызметкерлер үшін маңызды. Ұжымымыз жаңа жобаны қолдайды», - деді ол.
Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Ұжым өкілдері жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына қолдау білдіріп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Қатысушылар алдағы референдум ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайтын кезең екенін атап өтті.
