Батыс Қазақстан облысында өңірлік коалиция мүшелері Борис Лаврентьев пен Ғайса Қапақов «Социальный» супермаркетінің қызметкерлері және тұтынушыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен оның қоғам өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және елдің тұрақты дамуына бағытталған бастамалар туралы айтылды.
«Конституция бизнестің ұзақмерзімді дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жаңа Конституция мемлекетке тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, адам капиталының сапасын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық беруді міндеттейді. Экономикалық саясат тек ағымдағы бюджет міндеттеріне ғана бағдарланбай, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды көздейді. Бизнес уақытша табыс көзі ретінде емес, елдің, аймақтардың дамуы мен халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудегі мемлекеттің маңызды серіктесі ретінде қарастырылады. Осындай кездесулер тұрғындармен кері байланыс орнатуға, маңызды реформалардың мәнін түсіндіруге және қоғам пікірін ескеруге мүмкіндік береді», – деді Ғайса Қапақов.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Коалиция мүшелері айтылған ұсыныстар мен пікірлердің назарға алынатынын жеткізді.
Мұндай кездесулер билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.


