«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты ұжымымен кездесті. Заңгерлер жаңа Ата заңда айқындалған Әділеттілік, Теңдік пен Бірлік, Заң мен Тәртіп идеялары туралы туралы пікірлерімен бөлісті.
Кездесуді ашқан өңірлік коалция жетекшісі Ербол Данағұлов Ата заң жобасындағы «Заң мен Тәртіп» қағидатының конституциялық мәртебесіне тоқталып, болашақ заңгерлермен тікелей пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.
«Конституция – мемлекеттің іргетасы әрі қоғам дамуының басты бағытын айқындайтын құжат. Құжатта «Әділетті Қазақстан» идеясымен қатар «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік және қоғамдық дамудың негізгі құндылығы ретінде бекітіледі. Сондықтан болашақ заңгерлер ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсініп, қоғамдық өмірге белсенді араласуы өте маңызды», – деді ол.
Адвокат Абдухат Мырзалин өз сөзінде құжаттағы мазмұндық өзгерістерге кеңінен тоқталды.
«Бүгінде Конституция ережелерінің шамамен 85 пайызы жаңартылып отыр. Бұл елдің құқықтық жүйесінің айтарлықтай жаңғырып жатқанын көрсетеді. Егер Тәуке хан мен Есім ханның дала заңдарын еске алсақ, онда әділдік пен адамды қорғау қазақ құқықтық дәстүрінің негізі болғанын көреміз. Бүгінде бұл қағидаттар заманауи құқықтық тұрғыда жалғасын табуда», – деді ол.
«Ақтөбе ТВ» телеарнасының шеф-директоры Бибігүл Биманова конституциялық өзгерістердің әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Ол жаңа Конституцияны болашақ ұрпақ үшін маңызын сипаттап, құжатта адам құқықтарын қорғау, цифрлық ортаны дамыту және отбасы институтын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
«Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Марат Нұркеев өз сөзінде Негізгі заңның мемлекет өміріндегі рөлі туралы айтты.
«Конституция елдің алдағы ондаған жылдарға арналған даму бағытын айқындайды. Сондықтан болашақ заңгерлер әрбір норманың мәнін терең түсінуі маңызды. Ертең дәл сіздер осы заңдармен жұмыс істеп, азаматтардың құқықтарын қорғап, құқықтық мемлекетті нығайтасыздар», – деді ол курсанттарға қарата.


