Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Дайыр ауылында Зайсан өңіріне кеңінен танымал «Ғасыр әже» халық ән-би ансамблі мүшелері жаңа Конституцияны қабылдау бойынша дауыс беруге қатысты.
Ансамбль мүшелері дауыс беру – әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды қадам екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай маңызды саяси науқанға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Өнер ұжымы мәдениет пен дәстүрді дәріптеп қана қоймай, қоғамдық өмірге де белсенді араласып келеді. Сондықтан ансамбль мүшелері ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын күні дауыс беру арқылы өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Ансамбль өкілдері жаңа Конституция елдің дамуына, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға қызмет етеді деген сенімдерін жеткізді. Сонымен қатар олар барша азаматтарды ел болашағы үшін маңызды саяси үдерістерге белсенді қатысуға шақырды.

