Ұлытау облысында республикалық референдум ұйымдасқан әрі мерекелік көңіл-күйде өтіп жатыр. Өңір тұрғындары маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, жоғары азаматтық жауапкершілік танытуда.
Облыс аумағында 6 аумақтық және 127 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Комиссиялардың құрамында 845 адам бар. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Өндіріс орындарында ауысымдық жұмыс кестесі бар елді мекендерде дауыс беру уақыты жұмысшыларға қолайлы болу үшін арнайы ұйымдастырылды.
Ұлытау облысы бойынша референдумға қатысушылар тізіміне 136 447 азамат енгізілген. Дауыс беру учаскелерінде тұрғындардың еркін және ыңғайлы дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Облыс қалаларындағы 57 учаскеде азаматтардың өздерін сайлаушылар тізімінен тексеруіне мүмкіндік беретін онлайн-сервистер енгізілді.
Референдумға әртүрлі жастағы тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Соның бір айқын мысалы – Жаңаарқа ауданы Қызылжар ауылының 116 жастағы тұрғыны Түймегүл Темірбаева. Елдегі ең қарт тұрғындардың бірі саналатын кейуана референдумда өз таңдауын жасады. Жасына байланысты учаскелік комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін оның үйіне апарып, дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды.
Кейбір учаскелерде дауыс беру мерекелік көңіл күйде өтуде. Мәселен, Жезқазған қаласындағы бір учаскеде келушілерді Женя есімді клоун қарсы алып, түрлі фокустар көрсетіп, тұрғындардың көңілін көтеруге атсалысты.
Спорт өкілдері де белсенділік танытты. Бір топ марафоншы Жезқазған қаласынан Сәтбаев қаласына дейін жүгіріп барып, №47 референдум учаскесінде дауыс берді. Сонымен қатар «Ұлытау» футбол клубының ойыншылары да №30 учаскеге келіп, өз таңдауларын жасады.

