Республикалық референдумға «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр де қатысты. Ол – елдегі ең танымал әрі беделді аграршылардың бірі, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Ақмола облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Иван Сауэр үшін туған ауылындағы учаскеде дауыс беру жай ғана формалды рәсім емес. Бұл – ел экономикасының болашағы мен тұрғындардың әл-ауқатына қатысты саналы шешім.
Бүгінде Родина ауылы жауапты кәсіпкерліктің ауыл өмірін қалай өзгерте алатынының айқын үлгісі саналады. Мұнда ауыл шаруашылығы алқаптарының ортасында дамыған әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасқан, ал тұрғындарға еңбек етуге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған. Иван Сауэрдің айтуынша, аграрлық салада жұмыс істейтін адамдар үшін мемлекеттік саясат ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ашық әрі түсінікті жұмыс ережелерін қалыптастыруы маңызды.
«Біз әрбір өндіруші мен еңбек адамының дауысы естілетін мемлекет құрып жатырмыз. Негізгі заңға енгізіліп жатқан өзгерістер ашық басқару мен ауылдарымыздың тұрақты дамуы үшін берік негіз қалайды. Бұл – жермен жұмыс істейтін адамдардың мүддесі ең жоғары деңгейде қорғалатынының кепілі», — деді Иван Сауэр.
«Родина» агрофирмасы» ЖШС тек ауыл шаруашылығы өндірісінің ауқымымен ғана танымал емес. Кәсіпорын әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да белсенді қатысады: ауылда заманауи балабақшалар жұмыс істейді, энергетика саласындағы жобалар іске асырылып жатыр, сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы өмір сүру жағдайлары жасалған.
Аграрлық сектор өкілдерінің референдумға қатысуы нақты экономика саласының тұрақтылық пен түсінікті құқықтық ережелерге мүдделі екенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына және еңбек адамын қолдауға негіз болады.
inform.kz