Елімізде өтіп жатқан маңызды саяси науқан – республикалық референдумға Шымкент қаласының тұрғындары белсенді қатысуда. Қаладағы бірқатар дауыс беру учаскелерінде тұрғындардың ерекше белсенділігі байқалып, кейбір азаматтар референдумға ұлттық киіммен келіп, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Атап айтқанда, «Қайтпас» шағын ауданында орналасқан №58 жалпы орта мектеп базасындағы №224 референдум учаскесіне бір топ тұрғын ұлттық нақыштағы киімдермен келіп, дауыс берді. Ұлттық киім киген азаматтардың бұл әрекеті көпшіліктің назарын аударып, мерекелік көңіл күй қалыптастырды.
Тұрғындардың айтуынша, республикалық референдум күні ұлттық киіммен келу – елге деген құрметтің, ата-баба дәстүріне деген тағзымның белгісі.
«Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің айнасы. Әрбір ою-өрнек, әрбір түс пен пішін қазақ халқының өмір сүру салтын, дүниетанымын білдіреді. Осындай маңызды күні ұлттық киім киіп келу біз үшін үлкен мәртебе», – ұлттық киімді ұлықтай келген Талғат Мейірбеков.
Сонымен қатар бұл көрініс Шымкент қаласы тұрғындарының ұлттық салт-дәстүрге деген құрметі мен рухани құндылықтарға адалдығын айқын көрсетті. Референдум учаскесіне келген азаматтар дауыс беріп қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтынын, қоғам өміріндегі маңызды шешімдерге жауапкершілікпен қарайтынын байқатты.
Еліміз үшін маңызды күнде азаматтық белсенділік танытып, ұлттық киіммен келген әр тұрғынға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді. Бұл бастама тұрғындардың патриоттық рухын көтеріп, қоғамдағы бірлік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етті.