Бүгін Шиелі ауданында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты диқан Ыбырай Жақаевтың ұрпақтары референдумға қатысып, өз дауыстарын берді. Қазақ даласының құнарлы топырағында еңбек етіп, күріш өсіруде рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Ыбырай Жақаевтың есімі ел жадында еңбекқорлық пен табандылықтың, адалдық пен жауапкершіліктің символы ретінде мәңгі сақталған. Оның өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен халыққа қызмет ету болды. Ыбырай Жақаевтың еңбексүйгіштігі тұтас ұрпаққа өнеге болып қалды.
Ыбырай Жақаевтың ұрпақтары атасының асыл мұрасын жалғастыра отырып, ел тағдырына жауапкершілікпен қарап, маңызды саяси науқан – референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Мұндай әрекет – әр азаматтың мемлекет болашағына қосқан үлесін айқын көрсететін азаматтық борыш пен патриотизмнің нақты көрінісі.
Бұл тарихи сәт – елдің тұрақтылығы мен дамуына бағытталған стратегиялық қадам. Елдің бірлігі мен қоғамдағы сенімділікті нығайту, демократиялық құндылықтарды дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру осындай маңызды кезеңнің басты мәні болып саналады.
Ыбырай Жақаевтың ұрпақтары өз дауыстарын бере отырып, елдің даму жолында белсенді азаматтық ұстанымның, патриоттық сезімнің және тарихи жауапкершіліктің айқын үлгісін көрсетті.



