Республикалық референдумға келуші азаматтар өз учаскелеріне барып, дауыс беруде ерекше белсенділік танытуда. Оның ішінде дәл бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастар да аз емес. Соның бірі – Шиелі ауданындағы №267 учаскесіне келген Құралай Кәрісбек.
Ол өз таңдауын жасап, маңызды күннен қалыс қалмады. Оның айтуынша, бүгінгі күн ол үшін ерекше.
«Бүгін мен үшін ерекше күн. 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беріп отырмын. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын», – дейді Құралай Кәрісбек.
Айта кетейік, өңірде 378 референдум учаскесі және 492 524 дауыс беруші бар. Соның ішінде 2637 азамат алғаш рет дауыс беру құқығына ие болады.