Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған ауқымды құжат. Ол билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін нақтылауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді және мемлекеттік басқару құрылымын тиімді етуді көздейді. Бұл туралы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция өкілдері Жетісу облысына қарасты Өтенай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде айтты.
Облыстық коалиция хатшысы Арыстанғали Арын Жаңа Конституция жобасы әлеуметтік бағыттағы нормалар да кеңінен көрініс тапқанын атап өтті.
«Жаңа Ата заң жобасында жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені нақты айқындалған. Сонымен бірге, мемлекет азаматтардың денсаулығын сақтауға, сапалы білім алуға және әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беретін нормалар нақтыланады. Яғни, «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат жаңа Конституция жобасында берік орныққан», – деді ол.
Артынша сөз тізгінін алған коалиция мүшесі Нұрбек Құдайберген конституциялық реформа халықтың саяси процеске қатысуын кеңейтіп, заң үстемдігін нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Жоба Конституция деңгейінде Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарын бекітеді. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық беру адам капиталына сүйенетін заманауи мемлекеттің бағдарын айқындайды. Құжаттың өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі қарастырылған. Дәстүр, бірлік пен рухани құндылықтар қоғамның орнықты дамуының негізі ретінде айқындалған», – деді ол.
Ауыл тұрғындары жиын соңында өздерін толғандырған сауалдарға тұщымды жауап алып, алдағы тағдыршешті уақытта бейжай қалмасқа уағдаласты.

