Семей қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Нұргүл Тау жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдумды талқылауға арналған бірқатар кездесу өткізді. Іс-шаралар барысында қоғамдағы өзекті мәселелер, конституциялық өзгерістердің маңызы және елдің саяси-қоғамдық дамуына әсері жөнінде ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.
Депутат алдымен «SEMEI» телеарнасы мен «ABAI AQPARAT» редакциясының ұжымымен кездесті. Кездесуге коалицияның өңірлік филиалының мүшелері Нұрбек Бекен мен Айрат Базенов қатысты. Пікір алмасу барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы бірлікті сақтау және елдің тұрақты дамуына үлес қосу мәселелері көтерілді. Нұргүл Тау өз сөзінде, «Жаңа Конституция – халық үшін жасалған құжат. Оның басты мақсаты – әр азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, қоғам бірлігін нығайту және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету», – деді.
Семей қаласының №51 орта мектебінде педагогтер мен білім беру саласының өкілдерімен өткен кездесуде білім, ғылым және инновация салаларын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесуге «Respublica» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш пен Абай облыстық мәслихатының депутаты Эльзира Солтабаева қатысты. Спикерлер жастарды қолдаудың, инновациялық жобаларды дамыту мен білім саласын нығайтудың елдің тұрақты дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Содан кейін депутат «Силикат» ЖШС өндірістік алаңында кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесуге Абай облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков және коалиция мүшелері Қуаныш Қасен, Ұлан Сағадиев қатысты. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, енгізілетін өзгерістердің мәні және 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы түсіндірілді.
Кездесу «Теплокоммунэнерго» МКК ұжымында жалғасты. Мұнда коалиция мүшелері Қуаныш Сүлейменов пен Наталья Перцева сөз сөйледі. Қуаныш Сүлейменов азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуының маңызды екенін атап, «Әрбір дауыс – елдің болашағына қосқан үлес. Сондықтан референдумға қатысып, азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз қажет», – деді.
Қайрат Смағұлов пен Наталья Перцева жаңа Конституция жобасы қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайтуға ықпал ететінін айтып, әр азаматтың референдумға қатысуы ортақ болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі екенін айтты.
Кездесулер қорытындысында қатысушылар Конституция жобасының елдің тұрақты дамуы мен қоғам бірлігін нығайтудағы маңыздылығын атап, азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.


