Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан облысы, Жетісай ауданында «Sh.S.Самұрық» ЖШС-нің аяқ киім фабрикасы жұмысшыларымен кездесу өткізді. Ашық форматта өткен жиында Түркістан облыстық және Жетісай аудандық мәслихаттарының депутаттары, саяси партиялардың өкілдері жаңа Конституция жобасы адам мен оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындағаны туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Елдің тұрақты дамуы, азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеттері, бүгінгі уақыт сұраныстарына жауап беретін сенімді құқықтық жүйенің болуын талап ететіні жөнінде Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов айтып өтті. Осы мақсатта елімізде кең ауқымды конституциялық реформалар басталып, жаңа Конституцияның жобасы әзірленгеніне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бүгінгіден де қуатты, өркендеген және әділетті мемлекетке айналуы тиіс деді. Баршамызға белгілі, Қазақстанда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатымен мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптасып жатыр. Мұнда билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу, олардың тепе-теңдігін қамтамасыз ету мәселесі айқындалған. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті бас тартып, өкілді билік тармағы – Құрылтайдың өкілеттігін қайта бекітіп отыр. Беделді әрі ықпалды бір палаталы Парламентке көшіп, Вице-Президент институты енгізіледі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын конституциялық тұрғыда бекітуде, Халықтық кеңес құрылып, азаматтардың үнін ең жоғары билікке жеткізетін консультативтік орган түзіледі», – деген Нұралы Әлмаханұлы жаңа Конституциядағы іргелі өзгерістер жайында толық ақпарат берді.
Жиында жаңа Конституцияның басты принциптері – мемлекет тұтастығы, қоғам бірлігі, адам құқықтары, адал еңбек, заң мен тәртіп болып табылатыны жөнінде пікірлер айтылып, бұл қағидалар халықтың сенімі мен үмітін, елдің дамуына деген ортақ мақсат-мұратын айқындайтыны жеткізілді. Реформа сонымен қатар құқықтық жүйенің бірізділігін қамтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді. Жаңа Конституция азаматтық қоғамның дамуына, әлеуметтік саладағы әділдік пен теңдіктің нығаюына, білім, ғылым, спорт және мәдениет сияқты стратегиялық бағыттарды қолдауға жағдай жасайтыны айтылды.
Жиын соңында коалиция мүшелері барлық азаматтарды саналы таңдау жасауға, ел бірлігін көрсетуге және дамуымызға жетелейтін құндылықтарды қолдауға шақырды. Біз ортақ іске күш біріктіріп, Конституциядағы білім мен еңбекке, әділдік пен тәртіпке сүйеніп, Қазақстанды қуатты, өркендеген, әділетті және жасампаз елге айналдыра аламыз деген сенімдерін білдірді.

