Шымкент қаласында Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған кездесулер жалғасуда. Осы ретте «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» қалалық коалиция мүшелері №1 Оқушылар сарайында болып, мекеме ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді кеңінен таныстырып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызын түсіндіру болды.
Жұмысшы топ құрамында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Позилов және «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Орынбасар Лештаев болды.
Жиын барысында коалиция мүшелері Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Бақытжан Позилов өз сөзінде Конституция – елдің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат екенін айтты.
«Ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның жаңаруына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан әр азамат референдумның маңызын түсініп, ел болашағына қатысты шешім қабылдауға белсенді қатысуы қажет», – деді ол.
Ал Орынбасар Лештаев мұндай кездесулердің халыққа қажетті ақпаратты тікелей жеткізудің тиімді жолы екенін атап өтті.
«Конституциялық өзгерістер – қоғам дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан тұрғындар мен еңбек ұжымдарына ұсынылған реформалардың мәнін түсіндіру – біздің басты міндетіміз», – деді ол.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар ұсынылған өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат алып, алдағы референдумға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.
