Саран қаласының Мәдениет үйінде облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының ұйымдастыруымен қоғам өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараға Саран қалалық мәслихатының төрағасы О. Баймағанбетов, Ақсақалдар кеңесінің, Ардагерлер кеңесінің өкілдері және қала жұртшылығы қатысты.
Кездесуде спикер ретінде Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты А. Әлімжанов және ҚММУ-дың жастармен жұмыс жөніндегі бас маманы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Дакия» румын мәдени қоғамы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі А. Урмашов сөз сөйледі.
Кездесу барысында спикерлер Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі негізгі ұсыныстар туралы кеңінен баяндап, олардың басты мақсаттары мен іске асыру тетіктерін түсіндірді. Ұсынылып отырған реформалардың басты басымдығы — адам, оның қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау екені атап өтілді.
Сондай-ақ құқықтық мемлекеттің негіздерін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге, әлеуметтік саясатты жетілдіруге, тарихи-мәдени мұраны және қоғамның рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Талқыланған мәселелер қатарында вице-президент институтын енгізу, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, отбасы құндылықтарын нығайту, экологиялық жауапкершілік, сондай-ақ тілдердің дамуы мен қолданылуы мәселелері болды.
Спикерлер алдағы конституциялық өзгерістердің табысты жүзеге асуы көп жағдайда азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымына байланысты екенін атап өтті. Қатысушыларға референдумға саналы түрде қатысудың ел болашағы үшін жауапкершіліктің маңызды көрінісі екені де еске салынды.