Петропавл қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының өкілдері «№4 қалалық емхана» ШЖҚ КМК ұжымымен кездесті. Диалогтың негізгі тақырыбы жаңа Конституция жобасындағы денсаулық сақтау саласына және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайына тікелей қатысты нормалар болды.
Кездесу барысында қатысушыларға Негізгі заңда адамның, оның өмірі мен денсаулығының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде танылатынын бекітетін нормалар жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ еңбек құқықтары, қауіпсіз еңбек жағдайлары және сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Коалиция мүшесі Юрий Белоног бұл қағидаттардың Негізгі заң деңгейінде бекітілуі медициналық қауымдастық үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Медицина қызметкерлері үшін конституциялық деңгейде нақты кепілдіктердің бекітілуі өте маңызды. Бұл пациенттер үшін де, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін де сенімділік пен тұрақтылықтың негізін қалыптастырады», – деді ол.
Өз пікірін Мамадияр Байғұлов та білдіріп, реформаларды талқылауға кәсіби қауымдастықтың қатысуының маңыздылығына тоқталды.
«Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Сондықтан түрлі салалардың өкілдері, соның ішінде медицина қызметкерлері де өзгерістерді талқылауға қатысуы қажет. Бұл үдерісті мазмұнды әрі жауапты етеді», – деді Мамадияр Байғұлов.
Кездесу соңында емхана қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, конституциялық өзгерістердің денсаулық сақтау жүйесіне практикалық тұрғыда қалай әсер ететіні жөнінде пікір алмасты. Қатысушылар мұндай кездесулер реформалардың мәнін тереңірек түсінуге және олардың қоғам өміріне ықпалын бағамдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
