Алматы қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» тақырыбында Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша РМК «Қазгидромет» филиалының ұжымымен кездесу өтті. Іс-шара қалалық коалицияның Конституцияға енгізілген өзгерістер мен олардың елдің одан әрі дамуына тигізетін маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылды.
Кездесуде қалалық коалиция мүшелері сөз сөйледі. Атап айтқанда, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің деканы Уалихан Ахатов, сондай-ақ қалалық психикалық сауықтыру орталығы директоры Сапар Рахменшеев қатысушылармен пікір алмасты.
Спикерлер конституциялық реформалардың маңызына тоқталып, олардың әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беруге және Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу өткен ұйым – өңірдің ғылыми және өндірістік инфрақұрылымында маңызды орын алатын мекемелердің бірі. Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша РМК «Қазгидромет» филиалы өңірдегі метеорологиялық мониторингтің жетекші орталығы саналады. Мекеме дауылды ескертулерді, гидрологиялық және климаттық болжамдарды қамтамасыз етеді. Оның жұмысы метеорологиялық, гидрологиялық және экологиялық бақылаулар жүргізетін 89 станция мен бекетті қамтитын ауқымды желіге негізделген. «Қазгидромет» қызметкерлері күн сайын табиғи құбылыстарды бақылап, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға ықпал ететін маңызды ақпаратты ұсынады.
Кездесу барысында ашық диалог өтіп, ұйым қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, конституциялық өзгерістер туралы пікір алмасты.
Мұндай кездесулер қоғамның түрлі салаларында еңбек ететін азаматтарды ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
