Көкшетау қаласында Ақмола облысының «Әділетті және Прогрессивті Халықтық Конституция үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Айдын Раисов, Серік Жетпісқалиев және Құралай Жұмабекова Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесуде қатысушыларға Конституцияның жаңа жобасында қарастырылған негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ алдағы республикалық референдумның маңызы түсіндіріліп, ұсынылып отырған жаңашылдықтардың елдегі әділдік пен заңдылық қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Коалиция мүшелері жаңа конституциялық бастамалардың қоғамдағы демократиялық қағидаттарды дамытуға, заң үстемдігін күшейтуге және азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Серік Жетпісқалиевтің айтуынша, референдум – халықтың ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіретін маңызды демократиялық тетік.
«Конституция – мемлекеттің басты заңы әрі қоғам дамуының негізгі бағытын айқындайтын құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, еліміздің тұрақты әрі әділетті дамуына жол ашады. Сондықтан әрбір азамат алдағы референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы маңызды», – деді ол.
Кездесу барысында музей ұжымы өз пікірлерін білдіріп, ел болашағына қатысты маңызды бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.
\

