Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері еңбек адамдарымен, түрлі сала өкілдерімен және аудан тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді талқылады.
Оған Жалпыұлттық коалиция мүшелері Жорабек Нұрымбетов, Нұридин Әмитов, Бауыржан Сандыбаев, Серқожа Ыдырсов, Ғалымжан Жарқынбек, Аллаберген Ахметов және Арман Мажитов қатысты.
Коалиция мүшелері жаңа Ата заң жобасындағы өзгерістерді алдымен «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ ұжымына таныстырды. Кеншілер жаңа Конституцияның ел дамуы мен еңбек адамдарының құқығын қорғаудағы рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.
Кейін олар Жаңақорған шипажайының қызметкерлерімен кездесті. Шипажай қызметкерлері, медицина және қызмет көрсету саласының өкілдері қоғамдағы өзгерістер мен ел болашағына қатысты ойларымен бөлісті. Ал «Жаңақорған Транзит» ЖШС ұйымында өткен кездесуде кәсіпорын қызметкерлері жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Бұдан соң Коалиция мүшелері «Руханият» орталығында аудан тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасындағы ауылдың әл-ауқатын арттыруға бағытталған цифрландыру және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін түсіндірді.
«Жаңа Конституцияда қарастырылған цифрландыру қадамы ауылдық жерлердің дамуына ықпал етіп, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтады, сондай-ақ тұрғындардың мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетеді. Сонымен қатар елімізде жергілікті өзін-өзі басқару институты енгізіледі. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғындардың өз бетінше шешуіне, мәслихаттар арқылы өңір тынысына белсенді ықпал етуіне мүмкіндік береді. Барлық осы мүмкіндік жаңа Ата заң жобасында ресми түрде бекітілді», – деді Коалиция мүшесі Жорабек Нұрымбетов.
Осылайша, ашық және еркін форматта өткен жүздесулер барысында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Сондай-ақ азаматтар жан-жақты пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

