Жәнібек аудандық кітапханасында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық референдумын қолдау жөніндегі өңірлік коалиция мүшелері Айдарбек Айтпукешев пен Әліби Сүндетовтің аудан тұрғындарымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының мазмұны мен алдағы республикалық референдумның маңызы кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар Ата заңға енгізілетін өзгерістер қоғам сұранысына сай екенін атап өтіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту және заманауи талаптарға сай құқықтық жүйе қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Жиында сөз алған спикерлер жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары басты құндылық ретінде айқындалғанын ерекше атап өтті.
«Бүгін біз заманауи талаптарға сай салынған әсем ғимаратта бас қосып отырмыз. Қазіргі таңда елімізде маңызды саяси науқан жүріп жатыр. Бұл – жалпыұлттық маңызы бар тарихи кезең. Өйткені қабылданатын Конституция тек бүгінгі күннің құжаты ғана емес, болашақ ұрпақтың тағдырына әсер ететін стратегиялық құжат. Сондықтан әр азаматтың өз пікірін білдіруі және алдағы саяси науқанға белсенді қатысуы аса маңызды. Республика деңгейінде құрылған коалицияның басты мақсаты – халыққа жаңа Конституцияның мән-маңызын түсіндіру және қоғам пікірін тыңдау», – деді Айдарбек Айтпукешев.
Іссапар аясында кездесу Жәнібек бастауыш партия ұйымында жалғасты. Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстырып, ұсынылып отырған өзгерістер елдегі саяси жаңғыру үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамның дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Кездесу соңында коалиция өкілдері 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауда бірлік танытуға шақырды.
