Жезқазған қаласындағы «Жігер» спорт кешенінде алдағы референдумды қолдау мақсатында «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты форум ұйымдастырылды. Шараға аймақтың белсенді жастарынан, студенттер мен түрлі сала мамандарынан құралған мыңға жуық адам қатысты.
Форум барысында қатысушыларға конституциялық өзгерістердің маңызы мен олардың әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді. Жиында Жезқазған қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Сәкен Қайратов, «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Нұргүл Талғатбекова және «Ұлар-Ұлытау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абай Ораз сөз сөйледі. Спикерлер жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуға және мемлекет болашағына бейжай қарамауға шақырды.
Іс-шара патриоттық әндер шырқалған концерттік бағдарламамен жалғасты. Ашық диалог алаңына айналған бұл форум өңір жастарын Қазақстанның даму идеясы төңірегінде біріктірді.


