«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» қалалық коалициясының мүшелері Шымкенттегі №2 Оқушылар сарайында болып, мекеме ұжымымен кездесті. Жиынның басты мақсаты — Конституцияның жаңа жобасын таныстырып, алдағы референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру.
Кездесу барысында коалиция мүшелері референдумның қоғам үшін пайдасы, оның негізгі бағыттары және елдің саяси-әлеуметтік дамуына қосатын үлесі жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, Сайрам медициналық колледжінің директоры Жанар Әмірханқызы, қалалық мәслихат депутаттары Лазиз Сулайманов пен Асқар Молдабек, №4 өнер мектебінің директоры Шакир Умаров және «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров қатысты.
Өкілдер референдум арқылы қабылданатын шешімдердің ел болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, азаматтардың саяси науқандарға белсенді қатысуы – демократиялық қоғамның басты көрсеткіші екені айтылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ұжым мүшелері өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауаптар алды. Пікір алмасу барысында қатысушылар қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту мәселелерін де сөз етті.
Мұндай түсіндіру жұмыстары халықтың саяси сауаттылығын арттыруға және азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерге жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

