Қарағанды облысының Саран қаласындағы Мәдениет үйінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының ұйымдастыруымен қоғам өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараға Саран қалалық мәслихатының төрағасы О.Баймағанбетов және Ақсақалдар кеңесінің, Ардагерлер кеңесінің өкілдері мен қала жұртшылығы қатысты.
Кездесуде Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты А.Әлімжанов және «Дакия» румын мәдени қоғамы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі А.Урмашов сөз сөйледі.
Кездесу барысында спикерлер Конституциядағы негізгі өзгерістер туралы кеңінен баяндап, оның басты мақсатын түсіндірді. Ұсынылып отырған реформалардың басты басымдығы – адам, оның құқықтары мен еркіндігі, қадір-қасиеті, қауіпсіздігі екені атап өтілді.
Сондай-ақ құқықтық мемлекеттің негіздерін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге, әлеуметтік саясатты жетілдіруге, тарихи-мәдени мұраны және қоғамның рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Талқыланған мәселелер қатарында Вице-президент институтын енгізу, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, отбасы құндылықтарын нығайту, экологиялық жауапкершілік, сондай-ақ тілдердің дамуы мен қолданылуы мәселелері болды.
Спикерлер алдағы конституциялық өзгерістердің табысты жүзеге асуы көп жағдайда азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымына байланысты екенін атап өтті. Қатысушыларға референдумға саналы түрде қатысудың ел болашағы үшін жауапкершіліктің маңызды көрінісі екенін де еске салды.

