Қарағанды облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалициясының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстың негізгі бағыты – өңірдің еңбек ұжымдарымен кездесу өткізу. Солардың қатарында күнделікті қажырлы еңбегі облыстың өнеркәсіптік әлеуетінің негізін құрайтын әрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосып отырған «Саран» шахтасының кеншілері де бар.
Коалиция өкілдерінің кеншілермен кезекті кездесуі кәсіпорын алаңында ашық диалог форматында өтті. Делегация құрамында Саран қалалық мәслихатының депутаттары Өміржан Баймағамбетов пен Нұргүл Тәжібаева болды. Олар конституциялық өзгерістердің негізгі қағидаттары мен басты бағыттары туралы айтып, шахта қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында демократиялық институттарды одан әрі дамытуға, әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланды. Әсіресе, азаматтардың ел тағдырына жауапкершілігін, қоғамның дамуына және ұлттық құндылықтарды сақтауға қатысты міндеттерін айқындайтын нормаларға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жаңартылған Негізгі заң мемлекет дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.
Еңбек ұжымымен кездесу барысында аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Тәжібаева жұмысшы мамандық иелерінің ел өміріндегі белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығына тоқталды.
«Қарағанды өңірінің кеншілері әрдайым жоғары азаматтық ұстанымымен және өз елінің болашағына деген жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Бүгінгі таңда әрбір азамат Конституция тек құқықтар мен бостандықтардың кепілі ғана емес, сонымен қатар мемлекет тағдыры мен келер ұрпақтың игілігі үшін ортақ жауапкершілік екенін терең түсінуі маңызды», – деді ол.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Өміржан Баймағамбетов еңбек ұжымдарының ел экономикасын нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Еңбек адамдары – кеншілер, металлургтер, жұмысшылар – ұлттық экономиканың берік негізін қалыптастырады. Олардың кәсібилігі, адал еңбегі және белсенді азаматтық ұстанымы өңірлердің және тұтастай алғанда мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан еңбек ұжымдарының маңызды мемлекеттік бастамаларды талқылауға қатысуы айрықша маңызға ие», – деді ол.
Кездесуде кеншілер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс саласы қызметкерлерін қолдау, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу тетіктері туралы өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Коалиция өкілдері конституциялық бастамалардың негізгі ережелерін түсіндіріп, олардың әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және қабылданатын шешімдер үшін қоғамның жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қатысушылар мұндай диалог алаңдары маңызды мемлекеттік мәселелерді ашық талқылауға, пікір алмасуға және сындарлы қоғамдық диалог қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Кеншілердің пікірінше, осындай түсіндіру кездесулерін тұрақты өткізу азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Жиын соңында коалиция өкілдері кеншілерге күнделікті еңбегі, Қарағанды облысының көмір өнеркәсібін дамытуға және өңір экономикасын нығайтуға қосып отырған үлесі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар дәл осындай еңбек ұжымдары елдің сенімді тірегі болып қала беретіндігі және еліміздің жаңғыруы мен дамуына белсенді үлес қосып отырғаны ерекше атап өтілді.