Қызылордада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.
Кездесу еркін диалог форматында өтіп, қатысушылар бизнеске қолдау көрсету тетіктері, кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы орта қалыптастыру және экономиканың басым бағыттарын дамыту мәселелерін талқылады.
Нан-тоқаш өнімдерін өндіретін заманауи «Қызылорда-Нан» ЖШС кешенінде өткен кездесуге бизнес қауымдастығының 70-тен астам өкілі қатысты. Жиын барысында депутаттар алдағы республикалық референдум туралы айтып, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және еңбек адамының құқығын бекітуге бағытталған нормаларға ерекше назар аударды.
Парламент өкілдерінің айтуынша, Ата Заң жобасында лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге қосымша кепілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін күшейту көзделген.
«Жаңа Конституцияның өзегінде адам, оның құқықығы, бостандығы тұр. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Құжат нормалары басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер кәсіпкерлер үшін нақты мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті Мұрат Әбенов.
Кездесу барысында депутаттар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, еңбек жағдайына және өндірістік сала қызметкерлерін мемлекеттік қолдауға қатысты кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
«Ата Заң тиімді жұмыс істеуі үшін ондағы ережелер жүйелі әрі түсінікті болуға тиіс. Осындай жағдайда ғана ел экономикасы тұрақты түрде дамиды. Жаңа Конституцияда бұл қағидалар нақты көрініс тапты», – деп атап өтті Мархабат Жайымбетов.
Ашық әрі сындарлы диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау ісінде қоғамдық қатысудың рөлін және алдағы референдумның маңызын талқылады.



