Жаңа Конституция жобасын түсіндіру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында Жалпыұлттық коалиция өкілдері Ордабасы ауданының белсенді жастарымен кездесу өткізді. Коалиция мүшелері Әлиасқар Бердімұрат, Серғазы Ақмұратов және Лесбек Жүсіп қатысқан басқосуда ел болашағы үшін маңызды саяси реформалардың мәні, жастардың қоғамдағы рөлі және жаңа Конституция жобасының маңызы кеңінен талқыланды.
Жас буынға жаңа Конституция жобасының мән-маңызын түсіндіру, олардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуына ықпал ету мақсатын көздеген жиынға ауданның белсенді жастары, қоғамдық ұйым өкілдері мен еріктілер қатысты. Коалиция өкілдері өз сөзінде қазіргі кезеңде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсаты – әділетті, ашық әрі жауапты қоғам қалыптастыру екенін атап өтті. Осы жолда жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды құжат екенін айтты.
«Жастар – кез келген мемлекеттің ең үлкен әлеуеті. Сондықтан еліміздің болашағы, оның дамуы мен өркендеуі ең алдымен білімді, белсенді, жауапкершілігі жоғары жас буынның қалыптасуына байланысты. Мемлекет басшысы да жастарға үлкен сенім артып, олардың ел өміріндегі рөлін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі таңда еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Бұл кезеңнің табысты болуы ең алдымен жастардың белсенділігіне, олардың ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымына байланысты. Жаңа Конституция жобасы – мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, жастардың мүмкіндігін кеңейтіп, олардың бастамаларына жол ашатын маңызды құжат», – деді кездесудің мақсатына тоқталған Әлиасқар Бердімұрат.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзіндегі жастарға қатысты ойлары талқыланды. Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің дамуы жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өткен болатын.
«Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде жастарға үлкен сенім артатынын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, жаңа Қазақстанды құру жолында жастардың рөлі айрықша. Өйткені елдің ертеңгі дамуы – бүгінгі жас буынның білім деңгейіне, азаматтық белсенділігіне және жауапкершілігіне байланысты. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын күшейтеді. Бұл – ең алдымен жастар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі әділетті қоғамда әрбір жас өзінің қабілетін толық жүзеге асырып, білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қоса алады. Бүгінгі жастар – ертеңгі мемлекет басқарушылар, ғалымдар, кәсіпкерлер мен қоғам көшбасшылары. Сондықтан сіздердің ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді араласуларыңыз аса маңызды. Жаңа Конституция – жастардың бастамалары мен идеяларын жүзеге асыруға кең мүмкіндік беретін тарихи құжат», – деді коалиция мүшесі Лесбек Жүсіп.
Кездесу барысында жастар өз ойларын ортаға салып, ел дамуына қатысты пікірлерін білдірді. Олар қоғамда әділеттілік пен ашықтықтың артуы, жастардың бастамаларына қолдау көрсетілуі елдің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жиында жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту, инновациялық жобаларды қолдау, қоғамдық белсенділікті арттыру мәселелері де сөз болды. Жастар қоғамның дамуына жаңа идеялар мен тың бастамалар әкелетін маңызды күш екені айтылды.
Жиын соңында коалиция өкілдері жаңа Конституция еліміздің демократиялық дамуына жаңа серпін беретінін атап өтіп, барша жастарды референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты тарихи таңдауда өз азаматтық ұстанымын білдіруге шақырды.


